Кейбір жазбалардан
Кеңшар партия комитетінің 1989 жылғы 10 ақпанында өткізілген жалпы жиналысында жастардың қатысуымен мәдени-демалыс паркін, қарапайым стадион салу іске асырылсын деген ұйғарымға келіп, қаулыға енген болатын. Көлемі 4 га жерге мәдени-демалыс паркін орналастырдық. Еңбек ардагерлеріне, соғыс ардагерлеріне, ардақты аналарға аллеялар белгіледік, 3 мың түп тал ектік, сырты қоршалды. Күзде парктың ішкі шаруашылығын, бейнесін бейімдеу жұмыстары жалғастырылатын болады. Парк ішінде жазғы кинотеатр, биллиард бөлмесі, үгіт алаңы, карусель, ертегі қалашықтары үшін алаңдар қалдырылды.
Сол сияқты бұрыннан пайдаланылмай бос жатқан жерден қарапайым стадион қоныс тепті. Оны да өдеріңіз көрдіңіздер. Ол жерде 15 шілде күні 4 кеңшар спортшылары қатысқан футболдан аймақтық жарыс өткізілді. 12 тамыз күні – дене шынықтыру күні, спортшылар күні мерекелері осы стадионда мерекеленді.
Өткен күзде осы клубта Жайылма және Калинин атындағы кеңшардың жастары арасында конкурстық кеш өткізілді. Сонда жайылмалық жастар өздерінің кеңшарынан шыққан алғашқы автомобиль жүргізушісі Төлек Есмағанбетовтың, алғашқы тракторшы қыз, Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысқан Қантбала Сырттанбекованың есімдерін бұрын естімеген болып шықты. Ал, Калинин атындағы кеңшардың жастары да бұл салада елді тамсанта алған жоқ. Бұл жағдай партия комитетін қатты алаңдатты. Сондықтан көп толғаныстан кейін кеңшар партия комитетінің жалпы жиналысында Мәдениет үйі жанынан «Шежіре» клубын құру туралы қаулы қабылданды. Клубтың мақсаты – жастар мен ардагерлердің кездесуін өткізу, кеңшар өмірінің түрлі кезеңдеріндегі тарих беттеріне, жеке адамдар өміріне шегініс жасау, оларды баяндап беру, қысқасы жастар тәрбиесіне белгілі бір көлемде үлес қосу болып табылады. Клуб мүшелерінің құрамында кеңшар, партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының жетекшілері, ардагерлер, әйелдер кеңесінің басшылары, Мәдениет үйінің директоры, кітапхана меңгерушілері бар. Клуб өзінің алғашқы жұмысына кірісті.
Кеңшарда интернационалист-жауыншер, жерлесіміз, Ауғанстанда қаза тапқан Серікбек Сармантайұлы Мәлтаев атында волейболдан жүлде тағайындалып, аудандық жарыс өткізілді.
Кезінде 1934 жылы Алматыда Қазақстан халық өнерпаздарының бірінші слетіне қатысып, баянаулалық Жаяу Мұса, қызылордалық әнші Нартай Бекежановпен, қастектік Үмбет ақынмен, леспісілік Ақынай зергермен, т.б. 150-ге жақын атақты домбырашы, қобызшы, гармоншы, әнші, ақын, зергер, ұста, оюшы-кестешілермен бірге өнер жарыстырған, кейіннен атақты қобызшылар атанған Дәулет Мықтыбаев пен Жаппас Қаламбаевтардың ұстазы болған қобызшы Сағынтай Елепанов атында әнші, күйші, термеші, жыршы, биші, көркемсөз шебері және айтыс ақындарының цех аралық байқауы өткізілді.
Бұл екі шара туралы республикалық «Лениншіл жас» газеті 25 сәуірде «Қаракерге қамшы басқан бір бала...», 6 мамырда «Қобыз үні, домбыра күйі» деген тақырыптармен көлемді материал жариялады.
Клуб өзінің келесі отырыстарында Социалистік Еңбек Ерлері Бақберген Нұғманов, Тоғман Күлшеев, Мұса Есжановтар өмірінің кейбір тұстарына бағыттап өткізгелі отыр. Сонымен қатар, жер-су аттары, кеңшар өміріне де орын берілмек.
Кеңшар партия комитетінің 24 қаңтардағы мәжілісінде кеңшар орталығынан тарихи-өлкетану музейін ашу туралы мәселе қаралып, құрамында 11 адамы бар ұйымдастыру комиссиясы құрылды. Музей үшін үй бөлінді. Қазір экспонаттар жинақталу үстінде.
Кеңшардан сонау сұрапыл соғыс кезінде қан майданға аттанғандардың 205-і елге оралмады. Сол азаматтарды мәңгі есте қалдыру үшін парк ішінен ескерткіш үшін орын қалдырдық. Аудандық Кеңес атқару комитетімен осы ескерткішті салуға көмек көрсетуді өтініп хат жаздық. Алайда, архитектура бөлімі істі тиянақты шешпей, созып келеді. Аудандық Кеңес атқару комитеті осы мәселені жеделдетуге назар аударса деген өтініш бар.
Комментариев нет:
Отправить комментарий