14 апреля 2016 г.

Сұлтан Рахымжанов. Менің де ойым іске асты

Менің де ойым іске асты

Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді.
(Ілияс Жансүгіров)
Халқыңа қызмет ет,
Ізгілерге ізет ет,
Жаны жақсы жайсаңдарға құрмет ет.
(Құл Қожа Ахмет Ясауи)

Қазақтың мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып жүрген кезімде жалпы тарих кафедрасында мамандандым, қоғамдық ғылыми саласында қосымша «Жеті муза» қоғамында қосымша білім алып, жоғарғы оқу орнын 1981 жылы бітіргенде, қос диплом алып шықтым. «Тарихшы, Тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімі», «Дәріскер-өнертанушы».
Ұлттық өнеріміз, оның дара тұлғалары, мәлім де беймәлім тұлғалар жөнінде қалам тербедім. Көпшілігін тұңғыш рет аудан жұртшылығымен қауыштырып, таныстырдым.
Солардың бірі – Қорқыттан кейінгі атақты да даңқты қобызшы Ықылас Дүкенұлының өзінен дәріс алған, оның күйлерін орындап ел арасына таратушының бірі Калинин атындағы ауылдың перзенті Сағынтай Елепанұлы болатын. Сағынтай Елепанұлы туралы бірқатар материалдар жинақтап, баласы Сейділданың ұқыпсыздығынан Коммунар ауылындағы бір үйде қалып кеткен қобызшының қара қобызын іздестіріп тапқызып алуға, оның ішектеріне кеңшардың мал бордақылау алаңында күтімде тұрған асау жылқылардың қылынан қыл кестіріп алуға, құлақ күйіне келтіруге аз жүйке кеткен жоқ. 1989 жылы барлық цехтардың, мекемелердің басшыларына хат жолдап, қобызшы Сағынтай Елепанұлы атындағы әнші, күйші, термеші, жыршы, биші, көркем сөз шеберлерінің және айтыс ақындарының цехаралық байқауын өткіздім. Байқауға қазіргі күні Атыраудағы институттың ректоры Сәуле Жанпейісова, «Жас алаш» газеті редакторының орынбасары Қали Сәрсенбай, өнерден хабары бар жандар Ескермесов Құдайберген, Қозыкен Ерғараев, Сман Зағишалар төрелік етті.
Осы байқау туралы Қали Сәрсенбай 1989 жылғы 6 мамырдағы «Жас алаш» газетінде «Қобыз үні, домбыра күйі» атты көлемді мақалада жан-жақты талдап жазды да.
Міне, сол күннен бері сағынтай Елепанұлының есімі ел-жұртының арасына оралды.
Ауылда елмен етене араласып жүрген, қазір жетпіс жасқа келіп, жетпіс ән шығарған сазгер, өрімші, ісмер, шебер, суретші Жамбыл Қозыбағаровты алғашқы жылдары ел мал маманы, малшы ретінде таныды. Ол кісінің жоғарыда аталғандай өнерлері жайлы ауыл әкімдігін алпыс жасқа толу күніне орай арнайы кеш ұйымдастырттым.
1990 жылы 18 қыркүйекте сол кездегі Жайылма ауылдық Кеңесінің төрағасы Б.Дондаұлына аудандық Кеңестің №33 К.Маркс сайлау округінен депутаты, Калинин атындағы кеңшар партия комитетінің хатшысы ретінде Калинин атындағы кеңшардың үш көшесіне Социалистік Еңбек Ерлері Бақберген Нұғыманов, Тоғыман Күлшеев, Мұса Есжановтардың атын беру жөнінде кезекті сессияға ұсыныс жасауды сұранған жазбаша ұсыныс бердім. Соның нәтижесінде күні бүгінге дейін Жайылма ауылының үш көшесі жоғарыдағы үш еңбек ерінің атымен аталады.
Әнші, ақын, сазгер жерлесіміз Тиышбай Рақымға арнайы көше беру туралы мәселесін көтеріп, оның жүзеге асуына тілеуқорлық көрсеткенім бар. Колхоз өндірісінің үлкен ұйымдастырушыларының бірі Әбішұлы Әйнекбайға көшенің атын беру мәселесіне тікелей мұрындық бодым. Ақын Айтжан Орақбаевтың атын Жайылма ауылындағы еңселі клуб үйіне беру мәселесін көтердім.
Ауылдағы кәсіпкер ана Мүлкеева Жамалға ақыл-кеңес бере отырып, егесіз қалған Ақтам ауылдық кітапханасының үйіне қайта күрделі жөндеу жүргізіп, «Жас самға» дүкенінің ашылуына, онда өзге де тауарлармен қатар мал өнімдерінің сатылуына ықпалымды тигізгенім ол өзінше бөлек әңгіме болатын.


2001 ж.

Комментариев нет:

Отправить комментарий