Сағынтай қобызшы
(зерттеу)
(Ықылас Дүкенұлының туғанына
150 жыл толуы қарсаңында)
Қазақтың ұлттық өнері туралы бізге көптеген мұра жетіп отыр. Бұл салада
зерттеу жұмысын жүргізген жазушыларымыз бен ғалымдарымыздың мақалдары мен
еңбектері осы мол мұраға қосылған үлкен үлес, осы бай мұраны одан әрі байыта
түсу жөнінде өзіндік жанашырлық, тілектестік білдіретін дүниелер және олар өте
қымбат дүниелер. Солардың бірі – заманымыздың кемеңгер ойшылы Мұхтар Әуезовтың
1926 жылы жазған «Жалпы театр өнері мен қазақ театры» атты көлемді мақаласы
болып табылады. Осы мақалада Мұхаң: «...Ел сауығына ақыл, өсиет сияқты
ой-санаға жем беретін үлігіні кіргізу керек болса, ертеде заман шерін айтып
сарнаған Асан қайғы, толғау айтқан Бұхар сияқты жырауларды тірілту керек... Тақпақ
айтқан билерді, естірту, жоқтау өлеңдерін айтқан ақындарды, қобызбен сарын
айтатын бақсыны, сыбызғымен күй шығарған күйшілерді тірілту керек...
...Егер қазақ даласындай сары даланың, сары өзеннің күйін түсіру керек
болса, ол уақыттағы ұлы аспап – сыбызғы мен қобыз болатын...
Егер соларды пайдалана алмай, ескерусіз тастап, аттап кетсек, ол біздің
мәдениет жолындағы болашағымызды, шикілігімізді білдіреді. Қайдан шығып, қайда
баратынын білмейтін жолаушыға «жол болсынды» кім айтады», - деп ой толғайды,
осылай деп армандайды. Әрине, ол арманы іске асты, сыбызғы мен қобыз, оларда
ойнайтын өнер адамдары ел арасына оралды.
Ал, ақын Мұхтар Шаханов өзінің «Ғасырды безбендеу» атты кітабының
кіріспесінде «Ияпанияда бір орманшы қартпен әңгімелескенім бар. Қазақстан деген
елді естімеген болып шықты. Жамбылдың атын айтып ем: «Білем, оқығам, жүзге
келген ақын ғой» деп жайраңдап сала берді.
Міне, сөз құдіреті қандай!
Ежелгі Шығыста әр жас талап өзіне дейінгі ақындардың он мың жол өлеңін
жатқа білуге міндетті болған. Осында үлкен тәрбиелік мән жатыр», - деп
толғанады.
Ал, жерлесіміз, ақын Тынышбай Рақымов өзінің «Қобызым-абызым» атты
кітабында былай деп тебіренеді:
«Домбыра мен Қобыз үні сезіміңді арбайды,
Біреу кеп күңіренеді, біреу кеп сарнайды.
Біреуінің күмбіріне кеудең кетер тілініп,
Біреуінің зарлай-зарлай белі кеткен бүгіліп.
Қозғалтардай асқар тауды, теңселтердей теңізді,
Халық жайлы шежірелер аңғартады көп ізді.
Бірақ терең ұғу үшін Қазақ дейтін бұл Елді,
Ең алдымен ұғу керек Домбыра мен Қобызды».
Ия, домбыра мен қобыз бұл күнде қазақ халқының Тынышбай жырлағандай қос
перзентіне айналды. Жүркетен қан, қара көзден ащы жас ағызар домбыра мен қобыз
үні, ол үнді жарық дүниеге әкелген, жыр тіліне көшірген дарындардың даралығы
арқылы рухани байлығымыз, мол мұрамыз ұрпақтан-ұрпаққа өнерпаздар, тума
таланттар, орындаушылар арқылы жетіп, жаңғырып, даму үстінде.
Сонау VIII-IX ғасырларда Сыр бойындағы оғыздардың астанасы Жанкент
қаласында өмір сүрген, бізге небәрі оннан астам ғана күйі жеткен Қорқыттан
кейінгі атақты да даңқты қобызшы, келер жылы республикамызда туғанына 150 жыл
толуы арнайы аталып өткелі отырған Ықылас бабамыз. Ықылас туралы жазушы,
өнертанушы Илья Жақанов ағамыз тұрақты зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Радио
арқылы бірнеше хабар ұйымдастырды, мақалалар саны бірқатар, ал «Ықылас» атты кітабы
өз алдына бір төбе. Бізге белгілі деректерге жүгінсек Ықылас атамыздың асқақ
оромантикалы, әрі қиял-ғажайып: «Аққу», «Айрауық», «Шыңырау», «Жез киік»,
лиро-эпостық: «Мұңлық-Зарлық», «Қаншайым», батырлық-қаһармандық: «Қамбар», «Қазан»,
«Саржан төре», «Замана», ағым, өмір пәлсапасын толғаған: «Қорқыт», «Қоңыр»,
«Кертолғау», «Жалғыз аяқ», «Ерден», «Берден», «Тоғыз тарау», «Таңғы сарын»
сияқты күйлері жазылып алынып, алтын қорымызда сақталуда және орындалуда.
Ықылас күйлерін бізге жеткізушілер қатарында көбінесе, қобызшылар
Жаппас Қаламбаев пен Дәулет Мықтыбаевтың есімдері аталады да, ал олар өзіне
ұстаз санаған Сағынтай қобызшының есімі еске алына бермейді. Оның есімін көп ел
анық білмейді.
Осы кемшін тұсты 1990 жылы республикалық «Өнер» баспасынан шыққан «Күй
қайнары» атты жинақ сәл де болса толықтыра түскен сияқты. Енді аталмыш кітаптың
кіріспе бөлімінде баяндалған мына жайттарға назар аударалық.
«Жинаққа уақыт елегінен өтіп, халық өнерінің классикалық үлгілеріне
айналған Құрманғазының «Сарыарқа», Дәулеткерейдің «Жігер», Қазанғаптың «Көкіл»,
Динаның «Әсемқоңыр» тәрізді күйлері енгізілді. Сонымен қатар, алғаш рет жарық
көргелі отырған Байжігіт, Боғда, Мәмен шығармалары мен Қазанғаптың «Жұртта
қалған», Динаның «Қара қасқа ат», Сүгірдің «Майда қоңыр» күйлері, Сағынтай
орындаған қобыз күйлерінің жаңа түрлері мен Кәлек пен Мүйімсаттан жазылып
алынған сыбызғының сирек естілетін күйлері кітап құндылығын арттыра түсері
сөзсіз. Жинақта күйлердің кімнің орындауынан жазып алынып, нотаға түсірілгендігі
туралы даайтылады. Мұндағы мақсат – күйші-композиторлардың жолын қуып, күйлерін
сақтап, бүгінге табыс еткен ең таңдаулы орындаушылардың есімін көпшілікке
таныстыру. Олардың қысқаша өмірбаяндық деректері кітаптың соңында беріледі».
Сонымен, біз сөз еткелі отырған сағынтай кім деген сұраққа тоқталалық.
... Сағынтай Елепанұлы 1897 жылы дүниеге келген. Жас кезінде талай
тойлар мен астарда палуандар күресіне қатысып, көпшілігінде жеңіске жетіп
мерейі тасыған. Өнерге бейім болған. Көршілес отырған Ықылас Дүкенұлының
ауылында жиі болып, оның қобызбен тартқан күйлерін өз құлағымен естіп, үйренуге
қатты талаптанған. Өнерге бейім туысқан інісі Құрманғазының, Тәттімбеттің,
Сүгірдің, Дәулеткерейдің, Сейтектің және тағы да басқа қазақ күйшілерінің
шығармаларын өте шебер орындайтын Сәбденбек Есполұлына қобыз шаптырып алып, осы
аспапта ойнауды атақты қобызшы Көзбенбеттен үйренген. Одан кейін күйші
Әбікейден дәріс алған. Кейін келе Ықыластың өзінен дәріс алып, оның күйлерін
бірте-бірте үйреніп, сазына келтіре орындап, ел арасында Сағынтай қобызшы
атанған.
Ықылас дүние салғаннан кейін ол кісінің шығармаларын басқаларға да
үйрете бастаған. Сақаңның жанына ойдан-қырдан қобыз тартуға, үйренуге
әуестенгендер жиі келіп тұрған. Олардың қатарында кейіннен республикаға танымал
артист болған қобызшылар Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаевтар болған. Бұл
екеуі өзге жастарға қарағанда Ықылас күйлерін тез үйреніп, жақсы меңгеріп,
орындап жүрген. Дәулет Мықтыбаев Сақаңды өкіл әкем деп есептеген.
Тоғайбек Сейітжанов деген ағамыз әңгіме қылғанда. «Сақаң өзін мақтауды
сүймейтін, сыпайы, мінезі ауыр, ілтипатты кісі
еді. Өзімен сөйлесіп отырғанда ол кісі «Мен Ықаңның қасында көп болдым.
Оның күйлерін үйренуге ықыласым кеткен еді, ол мақсатымды орындадым» деп айтушы
еді», - деп бастап, Сақаң туралы бірқатар әңгіменің басын шалушы еді.
1934 жылғы 14-21 маусым аралығында Алматы қаласында Қазақстан халық
өнерпаздарының слеті болып өтті. Осы дүбірлі өнер жиынына Қазақстанның
түкпір-түкпірінен 150-ге жуық атақты домбырашылар, қобызшылар, сырнайшылар,
әншілер, ақындар, зергерлер, ұсталар, оюшы-кестешілер қатысты.
Слеттің мақсаты: қазақ көркемөнерін өркендету, оны кең ауқымды қанат
жайдыру. Секең осы жиында Баянауылдан келген Жаяу Мұса, Жұмабек Білімбайұлы,
Гурьевтен келген Ахмет ақын баласы, Лепсіден келген Ақылай зергер, Қызылордадан
келген ақын Қалмұхамбетұлы Тайжан, әнші Нартай Бекежанов, Қастектен келген
Үмбет ақынның, Орылдық домбырашылар Қали Жантілеуов, Лұқпан Мұхитов, Оқап
Қабиғожин, сыбызғышы Ысқақ Уәлиевтің және де басқа майталмандардың өнерін
тамашалады. Олардан тыс қызылордалық Жиенбайұлы, Ермекұлы, Досымбетұлы,
Әулиетаталық Қуандықұлының күйлерін асқан ынтамен тыңдады. Жамбыл жырын өзгелер
сияқты елжірей қарсы алды.
Осы слетте Сақаң өзінің шәкірттері, жас қобызшылар – Дәулет Мықтыбаев,
Жаппас Қаламбаевтармен кездесті. Әсіресе, жас қобызшы бала Жаппастың
орындауындағы «Аққудың күйі», «Қасқыр күйі» көрермендерді ерекше баурап алды.
Сақаңмен бірге бұл айтулы жиынға оның жұбайы Әтима да барған болатын. Әтима
қобызға қосылып, қазақ әндерін шебер орындайтын болған. Осындай өнері дұрыс
бағаланып, ол кісіге де республикалық слетке қатысуға жолдама берілген еді.
Слет қорытындысында Сақаң бірінші жүлдеге ие болып, комиссия
ұйғарымымен Алматыда ұйымдастырылатын қазақтың ұлт аспаптар оркестріне қызметке
шақырылды. Өзімен бірге шәкіртері Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаев та сонда
қызметке шақырылады. Ол екеуі келісім беріп Алматыда қалады, өнерлерін шыңдап,
кейіннен халық артистері атанды, Ықылас күйлерін таратушы, насихаттаушы,
дамытушы ретінде үлкен жұмыстар атқарды, көп іс тындырды. Ал, Сақаңның сол
кезде отбасылық жағдайына байланысты ауылға оралуына тура келді.
Аудан басшылары Сақаң мен Әтиманы сол кездегі Калинин атындағы
колхоздан қазіргі Байқадам ауылына көшіріп алып, ескі клуб үйі маңынан (қазіргі
аудандық халықты әлеуметтік қорғау бөлімі орналасқан кеңсе маңы) үй беріп,
көркемөнерпаздардың қатарына қызмет жасауға қосады. Көркемөнерпаздар аудан
колхоздарын аралап, ойын-сауық қойып отырады.
Сақаң кезінде республикада өткен Қазақстанның 40 жылдығы, Ұлы Қазан
төңкерісінің 50 жылдық мерекесіне арналған республикалық байқауларға қатысып
өнер көрсетті, бірінші дәрежелі дипломдармен және лауреаттық медальдармен
марапатталған.
1959 жылы көне аспаптар зерттеушісі Болат Сарыбаев Сақаңды арнайы іздеп
келіп, ол кісінің орындауындағы күйлерді магнитті таспаға жазып алып, қазақ
радиосы арқылы эфирге таратқан. Сақаң орындаған күйлер бұл күнде Қазақ
радиосының алтын қорында сақтаулы жатыр.
Ал, біз жоғарыда сөз еткен «Күй қайнары» жинағына Сағынтай Елепанұлы
орындаған «Жезкиік» күйі мен «Қазан» күйінің екінші нұсқасы енгізілген. Бұл екі
шығарманың мазмұны туралы профессор Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» атты
кітабында нақтылы баяндалған.
Мәне, біз сөз еткен жерлесіміз Сағынтай қобызшы туралы азды-көпті
мағлұмат осы мазмұнда. Жалпы Сақаң шыққан орта Жүзікен ата балалары (қазір
көбісі жоқ) Әшірбек, Әлібек, Ескермес, Қараменде, т.б. шетінен күйші, әнші,
ұсталық пен етікшілік кәсібін жете меңгерген жандар болған. Сақаң мен жоғарыда
аталған Сәбденбек те осы шалдың (Жүзікеннің) ұрпағы еді.
Сағынтай Елепанұлы 1975 жылы 17 қаңтарда 78 жасында дүниеден өтті.
Қазір Сақаңның ұрпақтары Калинин атындағы кеңшарда тұрады, біразы мектеп
қабырғасында оқып жүр.
Сақаң көзі тірісінде баласы Сейділдаға өзінің қара қобызын тапсырып,
онда ойнауды үйреткен. Ол қобыз күні бүгінге дейін сақталған. Қолы қалт еткенде
Сейділда оны қолға алып ысқышын шалып-шалып жібергенде, үй ішін жанға жайлы
қоңыр дауыс баурап ала жөнеледі. Сейділда домбыраны да жақсы тартады. Кезінде
Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінде оқып, белгілі маман, артист
Фатима Балғаевадан дәріс алған. Аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға
қатысып жүрді. Бертін келе өнер адамына деген қамқорлықтың жетімсіздігі,
өнердің қиын да бұралаң жолында кездескен қиындықтарға келісімпаздық жасау,
қазақи жалқаулық және тағы да басқа салғырттықтар салқыны Сейділда мен өнердің
арасына сына қаға бастады. Сол сынаны ырғап-ырғап жұлып алып, құлаштап тұрып
алысқа лақтырып тастар күш табылса, Сағынтай күйшінің қара қобызына қайыра тіл
бітірер кезең туса, қанекей. Келер жылы өткізілетін Ықаңның тойында Сағынтай
қобызшының қара қобызы аққу болып сыңсып, жез киік болып ұстатпай, желмая боп
желіп жетсе, Ықылас баба жатқан орнынан бір аунап түсер еді.
1989 жылы 12 наурызда Калинин атындағы кеңшарда әнші, жыршы, күйші,
термешілердің цех, мекеме аралық байқауы Сағынтай Елепанұлы атындағы жүлдені
сарапқа салған еді. Бұл өнер сайысы туралы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш»)
газеті сол жылғы 6 мамыр күнгі санында «Қобыз үні, домбыра күйі» деген
тақырыппен көлемді мақала жариялаған болатын.
Міне, содан бері Сағынтай қобызшы тақырыбына ешкім де қайта оралған
жоқ.
Калинин атындағы кеңшардағы Мәдениет үйіне Сағынтай Елепанұлының атын
беру туралы ауылдық кеңестің сессиясына ұсынылған тілек те жауапсыз қалды. Биыл
Сағынтай Елепанұлының туғанына 95 жыл толып отыр. Әрине, ат шаптырып, ас
бермесе де ебіне лайықты құрмет көрсету ләзім болар еді. «Өлі риза болмай -
тірі байымайды» деген сөз де тектен тек айтылмаса керек.
Олай болса, тиянақты шешімді Сақаңның ауылдастарынан,
ағайын-туыстарынан, мәдениетке жаны ашыр орындардан күтелік.
Аяулы Ғабеңнің (Ғабит Мүсіреповтің) мына бір сөзі ылғи да жадымызда
жүрсе артық болмас еді. «Әдебиет пег өнер ұлы болмаған жағдайда, ұлт - ұлы боп
есептелмейтіндігін ұмытпайықшы».
26.09.1992 ж. №78. Молшылық газеті.